Балам, — деп бастаған әкесі ашуланғандағы әдетімен мұртын тістелеп отырып, — осында сен туралы өсек тарап жүр. Хадиша қолда өскен бала еді. Шешесі байғұс заманнан бергі көршіміз болатын. Күйеуі соғыста өліп қалғанда, жалғыз қызын аузына тістеп жүріп өсірген. Егер сол бейбақтарды сенің қор еткенің рас болса, менен тумай кет! Илайым, екі дүниеде оңамын деп ойлама! — деп зекіп, ұрыса отырып, — егерде сондай бір ақымақтық іс өткені рас болса, Хадишаны көшіріп әкеліп, қолымызға келін қып түсірейік, — деп ауыр салмақ салған.
Алайда, Сәкен «ақпын да саумын» деп ант-су ішіп, екі қолын төбесіне қойды. Әке алдында мойындамай кетті.